Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік бақылау жүйесі жаңартылып, кәсіпкерлерге қойылатын әкімшілік талаптар жеңілдетілді. Бұл туралы Үкімет хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, биылғы алғашқы жартыжылдықта елде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 миллионға жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 20,4%-ға көп. Ал шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 40,9%-ға дейін өсіп, өндірген өнім көлемі 104,7 трлн теңгені құрады.
Үкіметтің мәліметінше, бизнестің белсенді дамуына әкімшілік кедергілерді азайту әсер еткен. Соңғы бір жылда кәсіпкерлерді тексеру саны 8,6%-ға қысқарған. Сонымен қатар заңнамадан 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. Енді жаңа талап енгізу үшін бұрынғы екі талаптың күші жойылуы тиіс.
Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін есептіліктің шамамен жартысы оңтайландырылып, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін eGov Business қосымшасы іске қосылған.
Үкімет қаржылай қолдау көлемін де арттырған. Өткен жылы жеңілдетілген несие арқылы 9,5 мыңға жуық жобаға 1,6 трлн теңге бөлінді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған жаңа бағдарламалар іске қосылды. Олардың қатарында 10 жылға дейін 12,6%-бен несие беретін «Өрлеу» бағдарламасы және өңдеу өнеркәсібіне арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бар.
Бұдан бөлек, «Даму» қорының базасында кәсіпкерлердің банктен несие алуын жеңілдететін екі жаңа кепілдік қоры құрылды. Олар негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және білім беру салаларындағы жобаларды қолдауға бағытталған.
Үкімет мемлекеттік сатып алу жүйесін де жаңартқан. Соның нәтижесінде конкурс өткізу мерзімі 30 жұмыс күнінен 10 күнге дейін қысқарып, қазақстандық өндірушілерге бірқатар жеңілдіктер берілген. Биылғы алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті.