homepage
фото ашық дереккөзден

Аптап ыстық: дәрігерлер ескерту жасады

15.07.2026, 11:23

Жаздың аптап ыстығында күн өту қаупі артады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдың адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертіп, алғашқы белгілері байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрліктің мәліметінше, күн өту – ағзаның шамадан тыс қызып кетуі салдарынан дененің қалыпты температурасын өздігінен реттей алмайтын қауіпті жағдай.

Уақытылы көмек көрсетілмесе, ол миға, жүрекке, бүйрекке және басқа да өмірлік маңызды ағзаларға зақым келтіруі мүмкін. Ауыр жағдайда адам өміріне қауіп төнеді.

Дәрігерлер күн өтудің негізгі белгілеріне дене қызуының күрт көтерілуі, қатты әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сананың шатасуы немесе естен тануды жатқызады.

Мұндай белгілер байқалса, мамандар бірден жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.

Сонымен қатар зардап шеккен адамды көлеңке немесе салқын жерге апарып, артық киімін босатып, денесін салқындату қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстық күндері күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және күннен қорғайтын бас киім киюге кеңес береді.