homepage
polisia.kz

Түркияда өлтірілген қазақстандықтың ісі: ІІМ тапсырыс берушіні анықтады

15.07.2026, 10:41

Қазақстан Ішкі істер министрлігі биыл наурыз айында Ыстанбұлда оққа ұшқан қазақстандық кәсіпкер Ариф Исмаиловтың өліміне қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан, Түркия және Грузия полициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде кісі өлтіруді орындады деген күдікпен екі адам ұсталған.

Тергеу барысында қылмыстың себебі анықталып, оны ұйымдастырушы мен тапсырыс берушінің де жеке басы белгілі болған.

ІІМ мәліметіне сәйкес, олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың өкілдері және халықаралық іздеуде жүр.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Исмаиловтың өліміне қатысты жиналған дәлелдер Қазақстан аумағында осы қылмыстық топ жасаған басқа да ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік берген.

Тергеу дерегінше, аталған қылмыстық құрылымды АҚШ-та журналистке жасалған қастандық үшін жазасын өтеп жатқан қылмыс әлемінің беделді өкілі басқарған.

Алматыда топ мүшелері ұсталды

ІІМ Қазақстан, Түркия және Грузия құқық қорғау органдарымен бірлесіп үш елдің аумағында арнайы операция жүргізген.

Соның нәтижесінде Алматыда аталған қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталды. Олар қарумен жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Сондай-ақ Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтірмек болды деген күдікпен топ киллерлерінің бірі қолға түсті. Одан қылмыс кезінде қолданылған тапанша тәркіленген. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

ІІМ мәліметінше, күдіктілер диаспора өкілдерінің жекелеген бизнесіне ықпал ету мақсатында қылмыстық қысым көрсетуге әрекет еткен.

Грузия аумағында да трансұлттық қылмыстық құрылыммен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталған.

Қазір құқық қорғау органдары барлық қылмыстық эпизод бойынша дәлелдер жинауды жалғастырып, қылмыстық топтың ұйымдастырушысын жауапқа тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Ариф Исмаиловтың өлімі

Еске салайық, 1989 жылы Алматыда дүниеге келген кәсіпкер Ариф Исмаилов 31 наурызда Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Фатих ауданында қарулы шабуылға ұшырады. Ол ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

Исмаилов Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалдаумен айналысатын логистикалық компанияны басқарған.

Түркияға жұмыс бабымен барып көз жұмған кәсіпкердің артында жұбайы мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды.