homepage
Фото: Reuters

Франция сүрінді

15.07.2026, 10:09

2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалында Испания құрамасы мен Франция арасындағы ойынды жұрт алдын-ала осы мундиальдің ақтық айқасы деп бағалаған. Тіпті, сәуегейлер сауын айтып, бұл кездесудің жеңімпазы сөзссіз Франция деп бұлжытпас болжам айтып, сарапшылар да екі құраманың әлеуетін сан-саққа жүгірткен. Соның басым көпшілігі үш жолақты елдің өкілдеріне тіпті осы чемпионаттың алтын тәжін кигізіп те үлгерген. Испания болса, бүгін түнде ондай итаршылардың ит терісін басына қаптай салды... Қызыл фурия өкілдері 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, турнирдің финалына жолдама алды. Әрі дәл осы жеңістен кейін Испания өз тарихында екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты (алғаш рет 2010 жылы чемпион атанған).

Ал бұл Кездесу АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы танымал «Даллас Стэдиум» алаңында өтті. Испания құрамасы ойын тізгінін алғашқы минуттардан бастап-ақ өз қолына алды. Қысқа пастарымен қыспаққа алып, жып-жып еткізгенде олардың асықпай ойнаған жылдамдығына франциялықтар бірде ілесе алмай, енді бірде шатасып, тіпті жоқ жерден қателіктерге ұрынып, естерінен танды. Ойында жылдым гол соғылмаса да 20-минуттан асқан тұста Испанияның жас жұлдызы Жамал (Ламин Ямаль) қарсыластың айып алаңында допқа бірінші жетіп, енген. Франция қорғаушысы Лукас Динь жас жұлдызды жамбастан теуіп, жалп еткізді. Осылайша 22-минутта төреші белгілеген пенальтиді Микель Оярсабаль мінсіз орындап, қақпашы Майк Меньянны қапы қалдырды. Есеп 1:0.

Осыдан кейін Франция қаһарына мініп, қарсыласын қарш-қарш шайнайтын шығар деген. Қайдам?! Тағы сол Испания үшін игілікке айналған қысқа-қысқа пастар қарсыластың жүйкесін жүндей түтіп, ойындарын жүргізбей, адымдарын мүлдем аштырмай тастады. Екі тайм бойы осылай ойнаған соң, қарсыластың жүндері жығылып, жігері жасып, жуасып та қалды. Ойынның 58-минутында испаниялықтар есепті еселеді. Оң қанаттан шабуылға қосылған қорғаушы Педро Порро Дани Ольмомен тамаша пас алмасып, айып алаңына баса көктеп кірді де, допты қақпаның төменгі бұрышына солқ еткізді. Есеп 2:0.

Осыдан кейін түлеп шыға келген Испания ойыншылары ойдағы жоспарды орындау үшін одан әрі арындады. 61-минутта Ламин Ямаль Франция қақпасына үшінші голды соққан. Бірақ төреші ол ойыннан тыс қалғанындықтан, голды есепке алмады. Жалпы осы кездесуде Луис де ла Фуэнте шәкірттері қорғаныста да, шабуылда да мінсіз ойнады. Олар Франция капитаны Килиан Мбаппені толық бақылауда ұстап, тұсап тастады. Әлгі жұрт мақтаған Мбаппе бүкіл матч бойы қақпаға бірде-бір нақты соққы жасай алмады. Француздар 90 минут ішінде тек бір ғана тура соққы жасады. Оның үстіне кездесудің 29-минутында Францияның негізгі қорғаушысы Вильям Салиба күтпеген жерден жарақат алып, алаңнан шығуға мәжбүр болды. Оның орнына Максенс Лакруа шықты. Бұл мәжбүрлі өзгеріс те франциялықтардың қорғаныс шебіндегі тұрақтылықтың берекесін одан бетер қашырды. Осы чемпионат бойы қақпасына тек бір ғана гол жіберген Унаи Симон болса, осы жолы да қақпасына доп дарытпай тағы да сенімді ойынады. Осылайша Испания осы әлем чемпионатында 6 матчты гол өткізбей аяқтап, турнир тарихындағы рекордты орнатты. Әрі, Испания құрамасы допқа иелік ету мен шабуыл жасау жағынан франциялықтардан айтарлықтай басым болды. 

Допқа иелік ету: Испания 55%, Франция 45%. Жалпы соққылар саны: Испания 13, Франция 10. Қақпаға тура бағытталған соққылар: Испания 5, Франция 3.
Қақпадан қис кеткен соққылар: Испания 5, Франция 5.
Қорғаушылар блок қойған соққылар: Испания 3, Франция 2.
Бұрыштама соққылары: Испания 4, Франция 6. Ойыннан тыс қалу: Испания 2, Франция 3.
Ереже бұзу: Испания 11, Франция 14. Қақпашылардың сэйвтері: Унаи Симон 3 – 3 Майк Меньян.
Пас беру дәлдігі: Испания 89% (490 сәтті пас), Франция83% (380 сәтті пас)

Осылайша барлық статистикалық көрсеткіштер бойынша да франциялықтар өте нашар болды, яғни олар 90 минут ішінде анау айтқандай ешқандай да бір қауіпті сәт жасай алмады. Матчтың үздік ойыншысы болып Испания құрамасының оң қанаттағы қорғаушысы Педро Порро танылды. Ол қорғаныста Килиан Мбаппені толықтай тұсап қана қоймай, екінші таймда шабуылға шығып, командасының екінші голын соқты. Енді Испания құрамасы екінші жартылай финалда бүгін түнде кездесетін Англия мен Аргентинаның қай жеңгенімен, ақтық сында кездесетін болады. Франция болса, осы кездесуде жеңілген құрамамен кездесіп, турнирдің қола жүлдесіне таласады.

Бекәлі Жәдік