Астанада жеке клиниканың басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бюджет қаражатын заңсыз иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу үшін емханаға тіркелген азаматтардың санын жасанды түрде көбейткен.
15 мыңнан астам адам заңсыз тіркелген
Тергеу барысында бұл схемаға «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының» қызметкері де қатысқаны анықталды.
Ол қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, жалған тіркеу өтінімдерін мақұлдап отырған.
Соның салдарынан емханаға 15 мыңнан астам адам заңсыз тіркелген. Олардың арасында басқа өңірлердің тұрғындары, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз тіркелген кәмелетке толмағандар және шетелде жүрген азаматтар болған.
79 млн теңгеден астам шығын келтірілген
Сонымен қатар клиника басшысы Damu Med ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік қызметкерлерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олар арқылы пациенттерге медициналық қызмет көрсетілгені жөнінде жалған мәліметтер енгізген.
Осының негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз төлемдер аударылып отырған.
Тергеу нәтижесінде мемлекетке 79 миллион теңгеден астам шығын келгені анықталды.
Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының» қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген шығын толық өтелген. Үкім заңды күшіне енді.