homepage
Juzmedia.kz

Құрылтай сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінді: кандидаттар қанша жарна төлейді

14.07.2026, 18:14

Қазақстанда 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Сайлауға бөлінген қаражат қайда жұмсалады?

ОСК мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, қаржы сайлау науқанын елімізде және шетелде ұйымдастыруға бағытталады.

Жалпы шығынның 8,5 млрд теңгесі сайлау комиссияларының жұмысына қарастырылған. Сонымен қатар республика бойынша 47 жаңа сайлау учаскесі ашылып, олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

23 тамыздағы дауыс беру күні ел аумағында 10 674 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесіне 70 мыңнан астам адам тартылады.

Бұдан бөлек, бөлінген қаражат сайлау бюллетеньдерін басып шығаруға, ақпараттық және әдістемелік материалдар әзірлеуге, байланыс пен көлік шығындарын өтеуге жұмсалады. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне 61 елдегі 80 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыру үшін 124 млн теңге бөлінген.

Партиялар кандидат үшін қанша төлейді?

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезінде саяси партиялар әрбір үміткер үшін 15 ең төменгі жалақы көлемінде сайлау жарнасын төлейді.

2026 жылғы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан, бір кандидатқа шаққандағы жарна 1 млн 275 мың теңгені құрайды.

Сонымен бірге, партиялардың 2023 жылғы Мәжіліс сайлауындағы нәтижесіне қарай жеңілдіктер қарастырылған:

  • 5 пайыз және одан көп дауыс жинаған партиялар сайлау жарнасынан толық босатылады;
  • 3–5 пайыз аралығында дауыс алған партиялар жарнаның 50 пайызын (637,5 мың теңге) төлейді;
  • 1–3 пайыз дауыс жинаған партиялар толық соманың 70 пайызын, яғни 892,5 мың теңге аударады.

546 кандидат ұсынылды

ОСК мәліметінше, қазіргі уақытта 7 саяси партияның кандидаттар тізімі тіркелген. Жалпы саны 546 кандидат ұсынылды.

Ең көп кандидат ұсынған – «Әділет» партиясы (186 адам).

Бұдан кейін:

  • Respublica – 76 кандидат;
  • ҚКХП – 72;
  • «Ауыл» – 69;
  • «Ақ жол» – 63;
  • «Байтақ» – 47;
  • ЖСДП – 33 кандидат.

Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы 23 тамызда өтеді.