Қостанай қаласындағы «Жанұя» үлгісіндегі балалар үйінің 14 жастағы тәрбиеленушісі Тобыл өзенінде балық аулау кезінде суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған өзен аумағында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үш жасөспірім тәрбиешіден футбол алаңына барамыз деп сұранып шыққан. Алайда олар өзен жағасына балық аулауға кеткен.
Балық аулап жүрген кезде жасөспірімдердің бірінің қармағының жібі шатасып қалғаны. Оны шешу үшін суға түскен бала аяғы тайып, қатты ағысқа түсіп кеткен.
Қасында болған достары оны құтқаруға тырысқанымен, жасөспірім бірден су астына кетіп қалған.
Құтқарушылардың іздеу жұмыстары келесі күнге дейін жалғасып, 10 шілдеде сүңгуірлер баланың мәйітін өзен түбінен алып шықты. Марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Шомылуға тыйым салынған жер
Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиға болған жердің суы аса терең емес. Дегенмен бұл аумақ түбінің күрделі бедері мен қатты ағысына байланысты қауіпті саналады.
Оқиға орнынан шамамен 150 метр жерде «Шомылуға болмайды» деген ескерту белгісі де орнатылған.
Белгілі болғандай, көз жұмған жасөспірім маусым айында балалар үйінің басқа тәрбиеленушілерімен бірге «Қауіпсіз жаз – қауіпсіз су» атты ақпараттық шараға қатысқан. Онда балаларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, суға батқан адамды құтқару тәсілдері көрсетілген.
Қылмыстық іс тіркелді
Оқиғаға байланысты Қостанай облысы полиция департаменті қылмыстық іс тіркеп, жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымы басталғалы өңірде тыйым салынған жерлерде суға түскені үшін 188 адамға айыппұл салынғанын, ал балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырғаны үшін 97 ата-ана жауапкершілікке тартылғанын еске салды.