Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны қырып салғаны үшін кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Ақ Жайық” басылымының жазуынша, бұдан бөлек, сот оны алаяқтық, ұрлық, мал ұрлау, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.
Сот процесі бірнеше айға созылып, көптеген сот отырысы өтті. Осы уақыт ішінде айыпталушының соттағы мінез-құлқы жиі талқыға түсті. Ол сот барысында өзін сабырлы ұстап, кейде жымиып, тіпті күліп отырған, эмоциясын көп білдірмеген. Тек әкесі сот залына келген сәтте ғана көзіне жас алған.
Сот талқылауы кезінде айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, араларында сөзге келіспеушілік туындап, кейін өзін қорғау мақсатында әрекет еткен. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады.
Сонымен қатар Сәрсемәлиев өз жауабында қаза тапқандарды кінәсіз деп есептемейтінін айтып, болған оқиғаны бұрынғы жұбайының туыстарымен ұзақ уақытқа созылған жанжалмен байланыстырды.
Іс материалдарына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін айыпталушы қылмыс ізін жасыруды ұйғарған. Оның айтуынша, алғашқы қылмысты жасыру үшін Наурыздың ата-анасын да өлтірген. Ал соңғы құрбан ата-анасы мен ағасын іздеп, олардың жоғалып кеткенін сұрай бастаған Мирамгүл болған.
Тергеу мәліметінше, қайын жұртын қырып салғаннан кейін Сәрсемәлиев марқұмдардың мүлкіне иелік еткен. Олардың малын сатып, банк карталарындағы ақшаны шешіп алған, сондай-ақ қайтыс болғандардың атына шамамен 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұдан бөлек, олардың атынан зейнетақы да алып келген.
Қылмыстарды жасаған соң Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайымен бірге Қазақстаннан кетіп, біраз уақыт Индонезияда болған. Кейін олар Интерпол желісі арқылы ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Айыпталушының өзі шетелге қашу үшін емес, «Құдайдан кешірім сұрау үшін» барғанын мәлімдеген. Алайда тергеу бұл әрекетті қылмыстық жауапкершіліктен жалтару әрекеті ретінде бағалады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.