homepage
Видеодан кадр / t.me/astanovka98

Ақмола облысында жол апатынан көлік өртеніп, үш адам қаза тапты

14.07.2026, 15:22

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Қайғылы оқиға Бұланды ауданына қарасты Жаңаталап ауылының маңында, Астана – Петропавл автожолында болған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан кейін жеңіл автокөлік өртеніп кеткен.

Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр.

Қаза тапқандардың арасында бала бар

Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала ақпараты бойынша, апат салдарынан үш адам қаза тапқан. Олардың бірі – бала.

Сондай-ақ күйік шалған бір зардап шегуші аудандық ауруханаға жеткізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде көлік толықтай жалынға оранған.

Құтқару жұмысын ең жақын өрт сөндіру бөлімінің 30 шақырым қашықтықта орналасуы қиындатқан.

Зардап шеккен жүргізушіге ауруханаға жеткізілгенге дейін трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Тексеру басталды

Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Қаза тапқандардың жеке басы анықталып жатыр.

Ведомство тұрғындарды әлеуметтік желілерде расталмаған ақпаратты таратпауға және тергеудің ресми қорытындысын күтуге шақырды.