Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау деректері жиілейтіндіктен, полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, москит торы баланы құлаудан қорғай алмайды. Ол тек жәндіктерден қорғауға арналған және баланың салмағын көтермейтіндіктен, сүйенген жағдайда орнынан шығып кетуі мүмкін.
Сондай-ақ үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс бекіткіштері мен ашылуын шектейтін құрылғылар орнату ұсынылады.
Бұдан бөлек, балалардың терезеге өздігінен шығуына мүмкіндік беретін жиһаздарды терезе маңына қоймаған жөн.
Полиция ата-аналарды балаларды, әсіресе терезе ашық тұрған кезде, қараусыз қалдырмауға шақырды.
Ведомство мәліметінше, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау салдарынан оның денсаулығына зиян келсе, ата-аналар немесе заңды өкілдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін.