Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсуіне мемлекет тікелей араласпайды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, тұрғын үй нарығындағы баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Сондықтан мемлекет коммерциялық тұрғын үйдің құнын белгілемейді немесе реттемейді.
Баға тек әлеуметтік тұрғын үйге есептеледі
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет тек әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға сатып алынатын тұрғын үйлердің бағасын өз әдістемесі бойынша есептейді.
Арнайы сметалық нормативтер арқылы бір шаршы метрдің және құрылыс элементтерінің құны анықталып, сол есеп негізінде пәтерлер жеке құрылыс компанияларынан сатып алынады.
Бұл тәсіл мемлекетке тұрғын үйді нарықтағы кез келген бағамен емес, бекітілген есептік құн бойынша алуға мүмкіндік береді.
Кезекте тұрғандарға үйді мемлекет салмайды
Министрлік қазіргі таңда мемлекет тұрғын үйді өзі салмайтынын атап өтті. Оның орнына пәтерлер жеке құрылыс компанияларынан сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.
Кейбір өңірде әкімдіктер жаңадан салынған тұрғын үйлердегі пәтерлердің бір бөлігін ғана сатып алады, ал қалғанын құрылыс компаниялары еркін нарықта сатады.
Тіпті жекелеген аймақтарда бизнес-класс санатындағы пәтерлер де әлеуметтік осал топтарға арналған бағдарламалар аясында сатып алынған.
Қаржыландыру көлемі артады
Министрлік мәліметінше, өткен жылы жалдамалы тұрғын үй құрылысына 219 млрд теңге бөлінген. Биыл бұл қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиелік тұрғын үй бағдарламасына 155 млрд теңге бағыттау көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет тұрғын үй нарығында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамту үшін ғана сатып алушы ретінде қатысады, ал коммерциялық тұрғын үй бағасының қалыптасуына араласпайды.