Қазақстан болашақта бірлесіп жұмыс істеу үшін әлемнің жетекші 200 компаниясының тізімін әзірлеген. Қазір 40 халықаралық компания Үкімет жобаларына қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдағы айларда осы инвесторлармен әр сала бойынша нақты келіссөздер басталады. Бұл компаниялар металлургия, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы және агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асатын 231 жаңа перспективалық жобаға тартылмақ.
Министр ол компанияларды баяндамасында "әлеуетті стратегиялық серіктестер" деп атады. Бірақ нақты қандай компаниялар екені, қай секторда жұмыс істейтіні белгісіз.
Инвестиция көлемі өсті
Министр басым бағыттарды қолдау үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне қарастырылған 1 триллион теңге жайында да дерек таратты.
Оның айтуынша, бүгінгі күні триллион теңгенің 398 миллиард теңгесі бөлінді. Жалпы алғанда, холдинг қазірдің өзінде 5,1 триллион теңгенің жобаларын қаржыландырып үлгерді.
Жұманғарин өз баяндамасында елдегі инвестиция, сауда және өндіріс саласындағы басқа да маңызды көрсеткіштерге тоқталды.
Қазір инвестиция экономика өсімінің басты қозғаушы күші болып қала бермек. Өңірлер бойынша инвестиция тартудан Ұлытау, Жамбыл, Түркістан және Абай облыстары алдыңғы қатарда тұр.
Экономиканың тағы бір маңызды тірегі - өңдеу өнеркәсібі. Бұл саладағы өндіріс көлемі 9,8%-ға өсті, бұл жыл басымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Өндіріс өсімі республикамыздың 17 өңірінде тіркелген.