homepage
Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасы тарифтер мен бензин бағасын асықпай еркіне жіберуді ұсынды

14.07.2026, 12:19

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі инфляцияны одан әрі төмендету үшін жаңа ұсыныстарын айтты. Ол коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасын көтеру қажет деп есептейді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

"Инфляцияны одан әрі төмендету үшін коммуналдық қызметтердің тарифін және жанар-жағармай бағасын көтеру бағдарламаларын байыппен іске асыру; бюджеттік консолидацияны нақты іске асыру, яғни республикалық бюджет дефициті мен Ұлттық қордан трансферттердің өсуіне жол бермеу қажет", - деді ол жиында. 

Қазір елдегі жылдық инфляция 9 ай қатарынан баяулап, маусым айында 10,3%-ды құраған. Бұған ақша-кредит шарттарын қатаң ұстау, ақша массасын басқару, Үкіметтің инфляцияға қарсы шаралары және тұтынушылық несие беруді реттеу ықпал етті. Осыған байланысты 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-тен 17%-ке дейін төмендеткен еді.

Дегенмен Ұлттық банк басшысы инфляция әлі де екі таңбалы көрсеткіште тұрғандықтан, жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте екенін ескертті. Маусым айындағы бір айлық инфляция 0,8% болды.

Сонымен қатар инфляцияға сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Олардың қатарында геосаяси шиеленіс пен әлемдік азық-түлік бағасының өсуі бар.

Еске салайық, Ұкімет елдегі әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру үшін алты айға коммуналдық тариф өсуіне мораторий жариялаған еді. Ол шектеу сәуірде аяқталды, енді сарапшылар коммуналдық тарифтер күрт өсуі мүмкін деп болжап отыр.