homepage
gov.kz

Қазақстанда 546 мың адам көлеңкелі экономикадан шығарылды

14.07.2026, 11:48

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджеттің кірісі айтарлықтай артты. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджет кірісі 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6%-ға орындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кіріс 24,6%-ға, ал салық түсімдері 29%-ға өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Бұған экспорттық тауарлар бағасының қымбаттауы мен сыртқы сауданың жандануы әсер еткен.

Сондай-ақ жыл басынан бері 546 мыңға жуық жеке тұлға заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды.  

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескере отырып, бизнес субъектілерінің саны 2,9 млн-ға жетті және жыл басынан бері тағы 499 мыңнан аса субъектіге артты. Қосылған құн салығын төлеушілердің саны 22,3 мыңға өсіп, 158,2 мың төлеушіге жетті. Ол салық реформасын тек фискалдық құрал ретінде ғана емес, сол сияқты экономикалық белсенділікті көлеңкеден шығару тетігі ретінде де қарау қажеттігін көрсетіп отыр», — деп атап өтті Ержан Біржанов.