homepage
t.me/KZgovernment

ЖІӨ өсті, халық оны сезінді ме: Үкімет жартыжылдық қорытындысын айтты

14.07.2026, 11:34

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан экономикасының өсімі 4,1%-ға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі драйвері мұнайға қатысы жоқ секторлар болды. Нақты сектордағы өсім 5,1%-ға дейін жеделдеп, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салалары жоғары нәтиже көрсетті. Қызмет көрсету саласы да 3,5%-ға өсті.

Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға артты. Оның 87%-ын жеке инвестициялар құрады. Әсіресе ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларына құйылған қаржы айтарлықтай көбейген.

Сыртқы сауда айналымы қаңтар–мамыр аралығында 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 30,4 млрд доллар, импорт – 26 млрд доллар болды. Сауда балансының оң сальдосы 4,4 млрд доллардан асты.

Үкімет мәліметінше, елдегі жұмыспен қамту деңгейі де жақсарған. Экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамға жетсе, халықтың нақты табысы 0,1%-ға өсті. Бұған инфляцияның маусым айында 10,3%-ға дейін баяулауы әсер еткен.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің дамуы да оң қарқын сақтап отыр. Жыл басынан бері кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 млн-ға жетіп, 20,4%-ға артқан. Ал ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 40,9%-ды құрап, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне жетті.