Алматыда полицейлер арнайы операция барысында синтетикалық есірткінің ірі партиясын тәркіледі. Күдіктілер Бостандық ауданында қолға түсті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция мәліметінше, жедел ақпарат негізінде тоқтатылған автокөлікті тексеру кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған ондаған орама, ұялы телефондар, қаптама материалдары, электронды таразы, медициналық пипеткалар және газ тапаншасы табылған.
Кейін күдіктілердің бірінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында есірткі заттары сақталған қосымша ыдыстар, оларды буып-түюге арналған материалдар мен сатуға дайындауға қолданылған құрал-жабдықтар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, 44 жастағы ер адам бірнеше ай бойы синтетикалық есірткіні «жасырын орындарға қалдыру» тәсілі арқылы таратумен айналысқан. Онымен бірге 39 жастағы әйел де ұсталды.
Қазіргі уақытта екеуі де қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.