Ақмола облысында отбасылық демалыс қайғылы жағдаймен аяқталды. Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасында 8 және 12 жастағы туған апалы-сіңлілі қыздар қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға таңертең болған. Балалар су жағасында тұрған көлікке киімдерін ауыстыру үшін отырған. Осы сәтте автомобиль күтпеген жерден орнынан қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға түсіп кеткен.
Әкесі балаларды құтқаруға әрекет жасағанымен, оларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл шомылу маусымы басталғалы Ақмола облысында 15 адам суға кеткен. Оның бесеуі өткен демалыс күндері көз жұмған. Барлық қайғылы оқиға арнайы жабдықталмаған су айдындарында тіркелген.
«Өткен демалыс күндері өңірдегі су айдындарында бес адамның өмірі қиылды. Оның бірі – суға бату дерегі болса, төртеуі – жазатайым оқиға. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың үшеуі – кәмелетке толмаған балалар», – деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген әрі арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға, сондай-ақ балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырды.