homepage
Фото: Ақорда

Тұрғын үй құрылысы: биыл 20 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі

13.07.2026, 19:45

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, осы жылдың алты айы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын тыңдады.

Экономика өсімі және инвестиция

Премьер-министрдің дерегіше, бірінші жартыжылдықта елдің жалпы ішкі өнімі 4,1%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға, көлік саласы 7,1%-ға, құрылыс 15,2%-ға артқан. Сондай-ақ сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға және байланыс қызметі 4,3%-ға өскен.

Жыл басынан бері негізгі капиталға 9,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 21,4%-ға ұлғайғанг.

Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Инфляция, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау

Кездесуде ірі автожолдардың құрылысы, Астанадағы екінші әуежай жобасы және Tarlan Astana көлік жүйесін дамытудың келесі кезеңі де талқыланды.

Үкімет жоспарына сәйкес, биыл көлемі 20 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілуі керек.

Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 15 триллион теңге болады деп жоспарланған. Егістік алқаптарының көлемі 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінген. 

Маусым айында жылдық инфляция 10,3%-ды құрады.

Сондай-ақ әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері қаралды. Үкіметтің мәліметінше, кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 800 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туады.