homepage
Juzmedia.kz

Елімізде азық-түлік бағасы тағы өсті

13.07.2026, 17:44

Көтерме саудагерлер азық-түлік өнімдерінің бағасын көтеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz тілшісі LS-ке сілтеме жасап.

2026 жылдың маусым айында ел бойынша көтерме сауда бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8%-ға өсті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандық өнімдердің көтерме бағасы 21%-ға, ТМД елдерінен әкелінетін тауарлар 7,2%-ға, ал өзге елдерден импортталатын өнімдер 1,1%-ға қымбаттаған.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Атырау облысында тіркелді - 34,8%. Одан кейін Ақтөбе облысы (25%), Ұлытау облысы (12,5%), Алматы облысы (11,5%), Ақмола облысы (10,8%) және Жетісу облысы (10,6%) тұр.

Азық-түлік өнімдерінің ішінде ең көп қымбаттағандары- қанттан жасалған кондитерлік өнімдер (22,8%), тұз (22,4%), ет пен құс еті (20,6%).

Сонымен қатар дәмдеуіштер (17,3%), өңделген көкөністер, жемістер мен жаңғақтар (17,2%), жармалар (16,9%), сүт өнімдері (14,2%), кофе (13%) және жұмыртқа (12,7%) бағасы айтарлықтай өсті.

Сондай-ақ, шұжық, консерві, паштет және өзге де ет өнімдері (10,3%), балық (9,5%), сусындар (9%), нан-тоқаш өнімдері (8%), тұздықтар, сірке суы мен ашытқылар (7,9%), шоколад (7,6%) және өсімдік майлары (7,2%) қымбаттаған.

Бұдан бөлек, ұн 5,6%-ға, макарон өнімдері 4,8%-ға, жаңа піскен көкөністер 2,5%-ға, ал жемістер 0,2%-ға өсті.

Ал бір жыл ішінде бағасы төмендеген жалғыз өнім- картоп. Оның көтерме бағасы 11,4%-ға арзандаған.