homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда коллекторларға берілген қарыз көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті

13.07.2026, 15:38

Қазақстанда коллекторлық агенттіктердің жұмысына берілген проблемалық қарыз көлемі артып келеді. Биылғы наурыз айының қорытындысы бойынша олардың өндірісіне берілген несие мен микрокредиттердің жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,2%-ға көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom сарапшыларының мәліметінше, соңғы бес жылда коллекторлардың жұмысына берілген қарыз көлемі 2,7 есеге ұлғайған. Егер 2021 жылдың соңында бұл көрсеткіш 402 млрд теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.

Қарыздың 85%-ын банктер тапсырған

Коллекторларға берілген берешектің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің несиелеріне тиесілі.

Биыл наурызда банктер тапсырған қарыз көлемі 941,2 млрд теңгені құрап, жалпы портфельдің 85%-дан астамын қамтыды.

Ал микроқаржы ұйымдарынан қабылданған қарыз көлемі бір жылда 85,4 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін азайған.

Сонымен бірге басқа қаржылық емес ұйымдар тапсырған берешек көлемі айтарлықтай өсіп, 87,8 млрд теңгеге жеткен.

Борышкерлер үшін жаңа мүмкіндік іске қосылды

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық тұтынушылық несиелерді коллекторлық агенттіктерге толықтай сатуға тыйым салынған. Сондықтан қазір коллекторлар көбіне қарызды өндіріп алу жұмыстарын жүргізгенімен, талап ету құқығы бастапқы кредитордың өзінде қалады.

Сонымен қатар биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Жоба бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллектор алдында қарызы бар азаматтарға арналған.

Жаңа жүйе арқылы борышкер әр кредиторға жеке-жеке жүгінбей-ақ, бір ғана өтініш беріп, барлық қарыз бойынша 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 7 жылға дейін бірыңғай өтеу кестесін рәсімдей алады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тетік қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу кезеңіне жеткізбей, борышкерлер мен кредиторлар арасында өзара тиімді келісім жасауға мүмкіндік береді.