homepage
Juzmedia.kz

МӘМС мәртебесін білу оңайлайды: жаңа ереже әзірленді

13.07.2026, 14:49

Қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі мен төленген жарналар туралы ақпаратты алуды бұрынғыдан да оңай пайдалана алады. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер әзірледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа өзгерістер азаматтарға МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін, сақтандырылған кезеңдерін және олардың пайдасына төленген жарналар мен аударымдар туралы мәліметтерді жылдам әрі қолжетімді түрде алуға мүмкіндік береді.

Қызмет бұрынғыдай eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Соның арқасында азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, өздеріне ыңғайлы уақытта сақтандыру мәртебесі мен төленген жарналарды онлайн тексере алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 17,5 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы саналады.

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға профилактикалық тексерулерден бастап, консультациялық-диагностикалық қызметтер, амбулаториялық және стационарлық ем, жоғары технологиялық медициналық көмек, оңалту қызметтері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді медициналық қызметтердің кең спектрі ұсынылады.