homepage
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Құжат қабылдау басталды: грантқа түсу үшін қанша балл қажет

13.07.2026, 14:14

Қазақстанда жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Талапкерлер өтінімді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы немесе eGov порталы арқылы онлайн тапсыра алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фотосурет, мектеп аттестаты немесе колледж дипломы қажет. Жеңілдік санатына жататын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды да ұсынады.

Грантқа түсу үшін қанша балл қажет?

Білім беру гранты конкурсына қатысу үшін төмендегі ең төменгі шекті балл белгіленген:

  • «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» – кемінде 75 балл;
  • «Денсаулық сақтау» – 70 балл;
  • «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – 50 балл;
  • Ұлттық жоғары оқу орындары – 65 балл;
  • Басқа жоғары оқу орындары – 50 балл.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары ақылы бөлімге қабылдау кезінде өздерінің шекті балын белгілеуге құқылы.

Биылғы ҰБТ қорытындысы қандай?

Биыл негізгі ҰБТ-ны 233 мыңға жуық талапкер тапсырды. Оның 73,1%-ы қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Талапкерлер тесті екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесін грант конкурсына пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырған.

Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер, яғни қатысушылардың 76%-ы шекті балл жинады. Орташа нәтиже 69 балды құрады.

Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия жинады. Ал 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.

Ереже бұзғандардың нәтижесі жойылды

ҰБТ барысында 890 ережебұзушылық тіркелді. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тестке жіберілмеді.

Тағы 361 адамның нәтижесі тест кезінде ережені бұзғаны үшін жойылды.

Ұлттық тестілеу орталығы 31 қазанға дейін бейнежазбаларды тексеруді жалғастырады. Егер кейіннен ереже бұзғаны анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижесі де күшін жояды.

Грант иегерлері қашан белгілі болады?

Биыл қабылдау науқаны аясында «Цифрлық университет» қағидаты бойынша конкурстық іріктеу үдерісі автоматтандырылған. Бұл гранттарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылғы білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.