homepage
gov.kz

BaiQymyz-2026: еліміздің үздік қымыз өндірушілері елордада бас қосты

11.07.2026, 16:31

Астанадағы «Қазанат» ипподромында өткен халықаралық «BaiQymyz» гастрофестивалі ұлттық сусын – қымызды дәріптеген ең ауқымды мәдени-аграрлық іс-шаралардың біріне айналды. Екі күн ішінде фестивальге 70 мыңнан астам адам келіп, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген қымыз өндірушілердің өнімдерін тамашалап, ұлттық дәстүрмен жақынырақ танысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Фестиваль аясында өткен «Ең үздік қымыз» байқауында қатысушылар өнімнің сапасы, дәмі, дайындалу технологиясы және ұлттық дәстүрге сәйкестігі бойынша бақ сынауда. Сонымен қатар келушілер ұлттық ат спорты ойындарын, қолөнер көрмелерін, этно-мәдени бағдарламаларды және жылқы шаруашылығына арналған арнайы экспозицияларды тамашалауда.

Фестивальге қатысушылардың қатарында Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Қымызынай ауылынан келген «Астана Өнім» компаниясы да болды. Кәсіпорын ұлттық қымыз дайындау дәстүрін заманауи өндіріс технологиясымен ұштастырып, халықаралық сапа талаптарына сай табиғи өнім шығарып келеді. Компанияның ерекшелігі – қымыздың жаңа сауылған саумалдан дайындалып, өңірге тән тобылғы мен қайың түтініне ысталуында. Бұл сусынға өзіндік хош иіс пен ерекше дәм береді. Бүгінде шаруашылықта 50 бас бие сауылып, тәулігіне 240 литрге дейін қымыз өндіріледі. Ал фестиваль қонақтарына арнайы 2 500 литр қымыз ұсынылды.

«BaiQymyz – ұлттық тағамды ғана емес, халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін ерекше алаң. Біз фестиваль қонақтарына табиғаттың нәрін бойына сіңірген, ата-баба дәстүрімен дайындалған Қымызынай қымызын ұсынуға қуаныштымыз. Әрбір келуші оның табиғи дәмін татып, қазақ даласының шынайы рухын сезінеді деп сенеміз», – дейді «Астана Өнім» компаниясының өкілі.

«BaiQymyz» фестивалі қымыз өндірісін дамытуға, ұлттық тағам мәдениетін кеңінен насихаттауға және Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп келеді.