Бангладештің оңтүстік-шығысындағы бірнеше өңірде толассыз муссон жаңбыры салдарынан болған су тасқыны мен көшкіннен кем дегенде 44 адам қаза тапты. Табиғи апат салдарынан бір миллионнан астам адам баспанасыз қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ел билігінің мәліметінше, табиғи апат Читтагонг, Кокс-Базар, Бандарбан, Рангамати, Кхаграчхари, Мулвибазар және Хабигандж округтерін қамтыған. Су тасқыны салдарынан 267 мыңнан астам үй шаруашылығы зардап шегіп, мыңдаған отбасы сыртқы әлеммен байланыссыз қалған.
Нөсер жаңбыр жолдарды шайып, көпірлерді бүлдіргендіктен, гуманитарлық ұйымдардың ең көп зардап шеккен аудандарға жетуі қиындаған. Қазіргі таңда әскери қызметкерлер мен құтқарушылар қайықтардың көмегімен оқшауланған елді мекендерге азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды жеткізіп жатыр.
Сонымен қатар Кокс-Базардағы рохинджа босқындары орналасқан лагерьлерде лай көшкіні жүрді. Соның салдарынан 16 босқын, оның ішінде әйелдер мен балалар көз жұмды.
Бангладеште маусымнан қыркүйекке дейін созылатын муссон маусымында су тасқыны жиі болады. Алайда биылғы жауын-шашынның мол түсуі өзендердің арнасынан асып, елдің оңтүстік-шығысындағы жағдайды күрт ушықтырды. Табиғи апаттан жүздеген мың адам уақытша эвакуацияланып, мектептер мен қоғамдық ғимараттарда ашылған паналау орындарына орналастырылды.
Билік зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырып, өңірлерде құтқару жұмыстарын күшейткен.
Синоптиктер болжамынша, кейбір аудандарда алдағы күндері де жаңбыр жалғасуы мүмкін.
Дереккөз: Reuters