homepage
t.me/EcologyofQazaqstan

Қазақстанда бір аптада 43 орман өрті тіркелді

13.07.2026, 12:37

Қазақстанда 2026 жылғы 5-11 шілде аралығында мемлекеттік орман қоры аумағында 43 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары мен арнайы техникалары жұмылдырылды.

Сонымен қатар кең аумақты қамтыған дала өртін ауыздықтау жұмыстары да жүргізілген.

Тіркелген өрт деректерінің 9-ы жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман алқаптарында, ал 34-і мемлекеттік орман қоры аумағында болған.

Министрліктің мәліметінше, барлық өрт ошағы әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің бақылауы арқылы дер кезінде анықталған. Соның нәтижесінде өрттер қысқа мерзімде оқшауланып, толық сөндірілген.

Сондай-ақ 11 шілдеде мемлекеттік орман қоры аумағында тағы үш орман өрті тіркелді. Олар Шығыс Қазақстан облысында, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының аумағында болған.

Өрт шыққан аумақтарға орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» мамандары жедел жетіп, арнайы техника, Ми-8 тікұшағы және әуе десантының көмегімен тілсіз жауды ауыздықтады. «Семей орманы» резерватындағы өрт толық сөндірілді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңде тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.