Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға резервтен 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бөлінген қаржының 8,7 млрд теңгесі кәріз жүйесін жаңғырту мен жаңа инфрақұрылым салуға бағытталады. Атап айтқанда, Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады.
Сондай-ақ Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы арқылы Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын жаңа коллектор салынады.
Бұл жобалар 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейін су тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қалған 7,5 млрд теңге энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл қаржыға 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.
Жаңа қосалқы станса іске қосылғаннан кейін «Есіл» және «Бәйтерек» қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азаяды. Соның нәтижесінде «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтылады.
Сонымен қатар жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды электр желісіне қосуға қосымша мүмкіндік туады.
Ал ЖЭО-2-дегі турбоагрегатты жаңғырту нәтижесінде оның қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін ұлғайып, елорданың электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артады.