АҚШ пен Иран арасындағы ымыра ұзаққа созылған жоқ. Тараптар бір-біріне зымырандар ұшырып, дрондар арқылы жойқын соққы жасап жатыр. Тегеран Парсы шығанағындағы америкалық нысандарды шабуылдап, Ормуз бұғазын қайта жапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Иран Катар, Бахрейн, Кувейт және Оман аумағындағы америкалық әскери нысандарды тағы атқылауды бастады. Біріккен Араб Әмірліктері де зымыран қаупі туралы хабарлап жатыр.
Катар билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан үш адам, оның ішінде бір бала жараланған. Бахрейн бірнеше әуе шабуылын тойтарғанын, ал Оман аумағына дрондармен соққы жасалғанын мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде АҚШ Иранға ауқымды соққы жасады. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, сенбі күні Иранның 140 әскери нысаны, ал соңғы үш түн ішінде 300-ден астам нысан атқыланған.
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазы «АҚШ-тың аймақтағы араласуы тоқтағанға дейін» жабық болатынын мәлімдеді.
Алайда Вашингтон Тегеранның бұғазды толық бақылауға алғанын жоққа шығарды.
«Иран бұғазды бақыламайды. Кеме қозғалысы жалғасып жатыр», – деп мәлімдеді АҚШ Орталық қолбасшылығы.
Қақтығыстың қайта өршуі өткен айда жасалған АҚШ–Иран уақытша келісімінің күшін жойды Құжат Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіріп, 60 күндік келіссөздер барысында соғысты тоқтатуды көздеген еді.
«Біржақты мәмілелер дәуірі аяқталды. Біз ескерттік. Не сөзіңізде тұрыңыз, не құнын төлеңіз»,–деп жазды X әлеуметтік желісінде Иранның бас келіссөз жүргізушісі Мохаммад Бакер Калибаф.