homepage

АҚШ мигранттарды күн сайын әскери ұшақтармен депортациялап отырмақ

Juzmedia. kz
26.01.2025, 13:23

Дональд Трамп әкімшілігі заңсыз мигранттарға қарсы ел тарихындағы ең үлкен депортация операциясын бастауды жоспарлап отыр. Ол үшін әскери ұшақтар қолданылмақ. Бұл туралы
АҚШ-тың шекара қауіпсіздігі мен заңсыз мигранттарды депортациялау мәселесіне жауапты болып тағайындалған Томас Хоман ABC телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

АҚШ-ТА ЗАҢСЫЗ ТҰРЫП ЖАТҚАН ҚАНША ШЕТЕЛДІК БАР?

Хоманның айтуынша, бүгінде АҚШ-та заңсыз тұрып жатқан 11 миллионға жуық шетелдік бар. Жаңа тағайындалған президенттің келуімен елдің миграциялық қызметтері елге заңсыз кірген шетелдіктің кез келгенін қамауға алу құқығына ие болды. Ал бұрын ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірген азаматтарға ғана назар аударылатын.

Хоман мұндай рейстер мигранттарды шығару жөніндегі үлкен жоспардың бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Ол сондай-ақ заңсыз мигранттарға мәселені шешудің тағы бір мүмкін әдісін – елден өз бетінше кетуді ұсынды.

"Егер сіз заңсыз келген болсаңыз, онда бізді күте беріңіз, өйткені сіз бұл елдің заңын бұза алмайсыз. Ел шекарасын заңсыз кесіп өту арқылы сіз заңды бұзып жатқаныңызды түсінуіңіз керек. Сондықтан қиындықтардан қашып құтыла алмайсыз. Заңсыз келгендердің бәрі елден шығып кетеді деп үміттенемін», - деді шенеунік.

ҚАЙ ЕЛДІҢ МИГРАНТТАРЫ АЛДЫМЕН ШЫҒАРЫЛАДЫ?

Жақында екі әскери көлік ұшағы АҚШ-тан Гватемалаға 80 адамды апарып тастаған. NBC арнасының хабарлауынша, Мексикаға да бір рейс жоспарланғанымен, жергілікті билік қонуға рұқсат бермей қойған. Ақ үй бұл жайттың тез арада түзетілген әкімшілік қателіктен болғанын түсіндірді.

Reuters атап өткендей, әскери ұшақтар адамдарды тасымалдау үшін, мысалы, 2021 жылы Ауғанстаннан әскерлер шығарылған кезде қолданылған. Дегенмен, мигранттарды депортациялау үшін АҚШ армиясының ұшақтары алғаш рет қолданылып отыр.

Пентагон қазір Техас пен Калифорниядағы тергеу изоляторларында қамауда отырған 5 мыңнан астам адамды шығару үшін бірнеше рейс ұшыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ алғашқы ұшақтар алдымен Гватемала және Орталық Американың басқа елдеріне ұшып шықпақ.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.