Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі, Қазақстан футбол федерациясының экс-президенті Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот шешімімен оның өтелмеген түрме жазасы айыппұлға ауыстырылған.
«Жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімді орындауға қатысты өзге де мәселелер бойынша шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретіне жатады», – деп түсіндірді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Ерлан Қожағапанов 2025 жылдың мамыр айында үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Дегенмен, ол 2024 жылдың наурызынан бері қамауда отырды. Тергеу мәліметінше, ол 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан-Ресей XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде коммерциялық ұйымның мүддесін лоббилеп, іс-шара сметасының екі есе өсуіне жол берген. Мемлекетке келтірілген залал 1 млрд теңгеден асады.
Ерлан Қожағапанов бұған дейін мәдениет және спорт вице-министрі, Астана әкімінің орынбасары, Алматы әкімінің бірінші орынбасары және Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметтерін атқарған. Сот үкімімен ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды.