Таяу Шығыстағы жағдай тағы шиеленісті. Осыған байланысты Air Astana әуе компаниясы рейстер кестесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Әуекомпаниясы Дубайға бет алған бір ұшақты кері қайтарып, тағы бір рейсті тоқтатты.
Бүгін Астана уақытымен сағат 07:10-да ұшып шыққан KC205 Астана–Дубай рейсі елорда әуежайына кері қайтарылды.
12 шілде күні сағат 08:50-де ұшуы жоспарланған KC897 Алматы–Дубай рейсі тоқтатылды.
«Жолаушыларға билеттердің толық құны сатып алынған жері бойынша қайтарылады. Рейстер кестесіндегі алдағы өзгерістер туралы қосымша хабарланады», – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Жолаушылардан рейстердің мәртебесін алдын ала тексеріп отыру сұралады, өйткені ұшу және қону уақыттарына қатысты өзгерістер болуы мүмкін.
Компания өкілдері жағдайды жіті бақылап отырғанын және жолаушыларды елге қайтару мәселелерін қарастырып жатқанын мәлімдеді.