homepage
Фото: ашық дереккөз

Орман өрті қаупі күшейді

12.07.2026, 12:49

10 шілде күні ел ормандары аумағында бірден бес өрт тіркелді. Өрт ошақтары Қостанай және Павлодар облыстарында, сондай-ақ «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және «Жасыл Аймақ» РМК аумағында анықталған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, барлық өрт авиациялық патрульдеу және орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде байқалған. Оқиға орындарына мемлекеттік орман күзеті мен авиациялық өртке қарсы қызметтің мамандары жедел жұмылдырылған. 

Мамандардың айтуынша, өрттердің шығуына аптап ыстық пен құрғақ ауа райы себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және орман алқаптарында отты абайлап пайдалануға шақырады.