homepage
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қостанайда 7 мың жылдық көне қорымдар табылды

12.07.2026, 12:42

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары Әулиекөл ауданында жүргізген археологиялық зерттеу барысында неолит дәуіріне жататын үш қорымды анықтады. Мамандардың айтуынша, бұл жаңалық Қазақстан аумағындағы тас дәуірі тарихын зерттеуге тың деректер береді.

Археологтар ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан бір бала мен екі ересек адам жерленген орындарды тапқан. Мұндай жерлеу үлгісі неолит кезеңінің ескерткіштері арасында өте сирек кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, тұрғын үй астына жерлеу дәстүрі ежелгі Орталық Азия мен оған іргелес өңірлердегі бірқатар мәдениеттерге тән болған.

Экспедиция барысында маханжар мәдениетіне қатысты тағы бір маңызды жаңалық анықталды. Шилі ескерткішінен осы мәдениетке тән жартылай жертөле түріндегі тұрғын үйлер алғаш рет табылды. Бұған дейін зерттеушілер негізінен көне тұрақтарды ғана зерттеп келген.

Алдағы уақытта табылған қорымдарға антропологиялық сараптама, радиокөміртектік мерзімдеу және басқа да зертханалық талдаулар жүргізіледі. Бұл жұмыстар жерлеу орындарының нақты жасын анықтауға мүмкіндік береді.

Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр. Экспедицияны археолог, Археологиялық зертхана меңгерушісі Андрей Логвин басқарады.