homepage
Фото: FIFA

Экстра-таймға ұласқан ойындар

12.07.2026, 09:31

Сонымен, футболдан 23-әлем чемпионатының жартылай финалға өткен барлық командалар анықталды. Бүгінгі екі ойын да жеңімпазды эсктра-таймда анықтады. Сөйтіп Англия мен Аргентина құрамалары келесі кезеңге жолдама алды  

Англия құрамасы Норвегияны қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Майамидегі «Хард Рок Стэдиум» аренасында өткен бұл ширек финалдық кездесуде Джуд Беллингем қос гол соғып, командасын жеңіске жетеледі. 36-минутта Норвегия құрамасы күтпеген жерден есеп ашты. Андреас Шельдеруптың қақпа бағанасының алыс бұрышын көздеп жасаған тамаша соққысы, ортадан асырылған пас сияқты көрінген. Бірақ доп ағылшындар қақпасында тулады. Тартысты өткен кездесудің бііріінші таймы аяқталар тұста Англия таразы басын теңестірді. Джуд Беллингем айып алаңына сытылып кіріп, екі қорғаушының арасынан қақпаны дәл көздеді. Осылайша алма кезек шабуылмен өрбіген ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, матч овертаймға ұласты.

Қосымша уақыттың басында қақпашы қайтарған допқа бірінші жеткен Джуд Беллингем Англияға жеңіс сыйлаған шешуші голды соқты. Ойынның 55-минутында норвегиялық Торбьерн Хеггем Англия қақпасына гол соққан болатын. Алайда, бас бапкер Томас Тухель де атап өткендей, VAR жүйесі шабуыл кезінде ереже бұзылғанын анықтап, голды есептемей тастады. Бұл Норвегия үшін үлкен соққы болды. Норвегияның басты қаруы Эрлинг Холанд бұл матчта толықтай бақылауда болды. Англия қорғаушылары оған еркін қимылдауға мүмкіндік бермеді. Джуд Беллингем болса ӘЧ-2026 турниріндегі голдар санын 6-ға жеткізіп, Харри Кейнмен теңесті. Ол осы кездесудің ең үздік ойыншысы атанды.

Ал Аргентина құрамасы Швейцарияны қосымша уақытта 3:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Канзас-Ситидегі «Канзас-Сити Стэдиум» аренасында өткен бұл ширек финалдық кездесу нағыз драма мен шиеленіске толы болды. Матчты белсенді бастаған Аргентина 10-минутта гол соғып, тез арада есеп ашты. Лионель Мессидің бұрыштамадан асырған добын Алексис Макаллистер баспен бағыттап, командасын алға шығарды. Швейцариялықтар екінші таймда қысымды арттырып, 67-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Рикардо Родригеспен тамаша пас алмасқан Дан Ндойе қиғаш бұрыштан допты қақпаға дәл енгізді. Осылайша матч овертаймға ұласты. Қосымша уақыттың екінші таймында алаңға жаңадан шыққан Хосе Мануэль Лопестің пасынан кейін Хулиан Альварес айып алаңының сыртынан шиырып тұрып алыс тоғыздықты дәл көдеді. Оның бұл соққысы, яғни шедевр голы есепті еселеді. Ойынның ең соңғы секундтарында швейцариялықтар теңбіл допты жоғалтып алып, қарсы шабуылға тап болды. Тьяго Альмаданың соққысын қақпашы Янн Кобель қайтарғанымен, қайта серпілген допты Лаутаро Мартинес бос қақпаға тоғыта салып, матчтың нүктесін қойды. Бұл матчтың ең шулы сәті 72-минутта болды. Швейцариялық шабуылшы Бреэль Эмболо айып алаңында Леандро Паредеспен соқтығысу кезінде «симуляция» жасағаны үшін төреші Жоао Пиньейрудан екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бұл шешім VAR жүйесімен де тексерілді. Азшылықта қалған Швейцария негізгі уақыттың соңына дейін жан-тәнімен қорғанып, Аргентинаның, соның ішінде Лионель Мессидің қауіпті соққыларына төтеп берді. Аргентина бапкері Лионель Скалонидің овертаймда алаңға шығарған ойыншылары Х. Лопес пен Л. Мартинес шабуылды күшейтіп, жеңісті жұлып алуға тікелей әсер етті. Осы жеңістен кейін Әлемнің қазііргі чемпионы Аргентина жартылай финалға өтті. Олар енді 15 шілде күні Атланта қаласында турнирдің басты фавориті Англия құрамасымен кездеседі. Бұл футбол тарихындағы ең принципті және аңызға айналған текетірестердің бірі болмақ.

Бекәлі Жәдік