homepage
polisia.kz

Мас күйде жол апатын жасаған әйел жалған жүктілік анықтамасын пайдаланған

11.07.2026, 16:54

Павлодар облысында әкімшілік қамақтан жалтару үшін жалған жүктілік туралы анықтама пайдаланылғаны анықталды. Бұл іске қатысы бар полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция бөлімінің қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Ол пара алды және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалады деп танылды.

Іс материалдарына сәйкес, жүргізуші куәлігі жоқ әйел алкогольдік масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасаған. Әкімшілік іс қаралған кезде сотқа оның жүкті екені туралы медициналық анықтама ұсынылған. Соның негізінде әкімшілік қамақ жазасы айыппұлмен алмастырылған.

Алайда прокуратура жүргізген тексеру барысында бұл анықтаманың жалған екені белгілі болды. Тергеу нәтижесінде әйелдің заңда көзделген жауапкершіліктен жалтару үшін жалған құжат пайдаланғаны анықталған.

Сот полиция қызметкерін пара алғаны және дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, арнайы атағынан айырылып, пара ретінде алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.

Павлодар облысының прокуратурасы бұл қылмыстың прокурорлардың тексеруі нәтижесінде әшкереленгенін мәлімдеді. Сот олардың жұмысын оң бағалап, жеке қаулы шығарған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.