homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтар зейнетақы алудың жаңа тәсілін пайдалана алады

11.07.2026, 16:27

Қазақстанда инвестициялық және гибридті зейнетақы аннуитеттерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа тетік азаматтарға өмір бойына кепілдендірілген зейнетақы төлемдерін алып қана қоймай, қосымша инвестициялық табыс табуға мүмкіндік береді.

Агенттіктің мәліметінше, елімізде жинақтаушы сақтандыруды ұзақ мерзімді қаржы жинау құралы ретінде дамыту көзделіп отыр. Банктегі депозиттерден айырмашылығы, мұндай сақтандыру азаматтарға қаражат жинаумен қатар сақтандыру қорғанысын да қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар ҚНРДА сақтандыру өнімдерінің ашықтығын арттырып, олардың табыстылығы, тәуекелі мен комиссиялары туралы ақпаратты жариялаудың бірыңғай тәсілдерін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тұрғындардың қаржылық өнімдерді саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.

Жоспарға сәйкес, зейнетақы аннуитеттерінің түрлері де кеңейтіледі. Қазіргі кепілдендірілген аннуитетпен қатар инвестициялық және гибридті аннуитеттер енгізу қарастырылуда. Олар өмір бойғы кепілдендірілген төлемдерді инвестициялық кіріс алу мүмкіндігімен ұштастырады.

Бұдан бөлек, зейнетақы аннуитеті шарттарын онлайн рәсімдеу мүмкіндігі пайда болады. Бұл қызметтерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) платформасы немесе бірыңғай маркетплейс арқылы пайдалану жоспарланған.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар халықтың ұзақ мерзімді жинақ жасау мәдениетін қалыптастырып, сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда бұл ұсыныстар әзірлеу кезеңінде тұр.

Дереккөз: lsm.kz