Багам аралдарында Flamingo Air әуе компаниясына тиесілі Cessna 402C маркалы жеңіл моторлы жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ұшақтағы барлық 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ұшақ Нассаудағы Линден Пиндлинг атындағы халықаралық әуежайдан Сан-Андрос аралына бағыт алған ішкі рейсті орындап бара жатқан. Әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай әуе кемесі Солтүстік Андрос ауданында апатқа ұшыраған. Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Оқиғадан кейін Багам үкіметі сақтық шарасы ретінде Flamingo Air әуе компаниясының пайдалану сертификатының күшін уақытша тоқтатты. Соның салдарынан тасымалдаушының барлық рейсі тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды.
Багам премьер-министрі Филип Дэвис қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, бұл оқиғаны ел үшін үлкен қайғы деп атады. Айта кетерлігі, қайғылы жағдай елдің тәуелсіздігінің 53 жылдығы аталып өткен күні болған.
Сол күні Flamingo Air компаниясына қатысты тағы бір әуе оқиғасы тіркелген. Экипаж техникалық ақау туралы хабарлағаннан кейін тағы бір ұшақ Нассау әуежайына шұғыл оралған. Жолаушылар түсірілгеннен кейін әуе кемесінің бортында өрт шыққан. Абырой болғанда, бұл оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Билік дәл осы екі оқиғадан кейін әуе компаниясының қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Қазір апаттың себептерін Багам аралдарының авиациялық қауіпсіздік органдары анықтап жатыр. Тергеу барысында ұшақтың техникалық жағдайы, экипаж әрекеті және ауа райы факторлары жан-жақты тексеріледі.
Дереккөз: New York Post.