Қазақстандық белгілі журналист әрі продюсер Дана Орманбаеваға ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ПОЛИЦИЯ АҚПАРАТТЫ РАСТАДЫ
Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті растады.
"Бұған дейін хабарланғандай, Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы ұлтаралық араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сонымен бірге күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды», - делінген ПД хабарламасында.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайтыны айтылған.
Орманбаеваға қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың сәуір айында Орманбаеваның әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар қорқытулар мен балағат сөздер жариялағаны туралы Алматы тұрғынының арызы негізінде қозғалған.
ПРОДЮСЕРДІҢ ӨЗІ НЕ ДЕП ПІКІР БІЛДІРДІ?
Аталған ақпаратқа қатысты Дана Орманбаеваның өзі әлеуметтік желіде жазба жариялады.
"Мен бір нәрсені айтайын, ең бастысы: мен ұлтаралық алауыздықты қоздырушы емеспін. Мұны менің барлық ресейлік достарым, серіктестерім мен жақтастарым жақсы біледі. Көп жылдар бойы мен еш ақысыз өзгелерді, Қазақстандағы балалар мен отбасыларды қорғап келемін. Енді мені осы бір қисынсыз әрі толықтай ойдан шығарылған іс үшін қудалап жатыр», - деді продюсер.