Павлодар облысында полицейлер жалғыз өзі бірнеше шақырым жаяу жүріп, тасжолға шығып кеткен 9 жастағы баланы аман-есен ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға Баянауыл ауданында болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, таңғы сағат 05:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері Қанат Еркеболат пен Нұрбек Қайкенов Жасыбай көлі маңындағы ирек жолда ересектердің қарауынсыз келе жатқан баланы байқап қалған.
Тәртіп сақшылары баладан аты-жөнін және қайда бара жатқанын сұрағанымен, ол нақты жауап бере алмаған. Осыдан кейін полицейлер оны қызметтік көлікке отырғызып, жол бойында ата-анасының демалып жатқан орнын немесе үйін көрсетуі мүмкін деген оймен полиция бекетіне қарай жолға шыққан.
Кейін белгілі болғандай, бала жаз мезгілінде ата-анасымен бірге Жасыбай көлінің маңында тұрып жатқан. Таңғы сағат 04:00-де әкесі жұмысқа кеткен. Ұйқысынан оянып кеткен бала анасы ұйықтап жатқан кезде әкесінің соңынан өздігінен шығып кеткен.
Павлодар қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Рабиға Жүнісованың айтуынша, бала қауіптің мәнін түсінбей, шамамен жеті шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, жалғыз өзі тасжолға дейін жеткен.
«Баланы көрген бойда оның ата-анасын іздеуге кірістік. Абырой болғанда, оқиға қайғылы жағдаймен аяқталған жоқ. Бала дін аман, оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді инспектор.
Полицейлер баланы анасына тапсырды. Сонымен қатар анасы мен баласына мұндай жағдай қайталанбас үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде баланың анасы тәртіп сақшыларына дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.