homepage
juzmedia.kz

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 68 адам суға батып кеткен

11.07.2026, 11:57

Қазақстанда биылғы шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 68 адам қаза тапқан. Олардың 24-і – балалар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен брифингте ведомствоның Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Саян Тоқымбаев мәлімдегендей, қайғылы оқиғалардың 90 пайыздан астамы шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған орындарда болған.

Мамандардың айтуынша, азаматтардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы мен қауіпті дұрыс бағаламауы мұндай жағдайлардың негізгі себептерінің бірі болып отыр.

Статистикаға сәйкес, суға кету деректері ең көп Маңғыстау және Алматы облыстарында тіркелген. Бұл өңірлердің әрқайсында 9 адамнан көз жұмған. Ал Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарында бес адамнан суға батып қайтыс болған.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖМ түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Жыл басынан бері 24 мыңға жуық балаға жүзу дағдылары үйретіліп, тұрғындарға 166 мыңға жуық жадынама мен ақпараттық парақша таратылған. Сонымен қатар су айдындарының маңына 1 403 қауіпсіздік белгісі орнатылған.

Ведомство судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, белгіленбеген жерде шомылғандарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Шомылу маусымы басталғалы мұндай құқық бұзушылықтар үшін 1,5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, рейдтер барысында құқық бұзушылықтар арнайы бейнекамералар арқылы тіркеліп, кейін әкімшілік хаттамалар рәсімделеді. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкес түнгі уақытта суға түсуге тыйым салынған.

Судағы жағдайды бақылау үшін құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып келеді. Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері құтқарушылар 90 адамды, оның ішінде 23 баланы ажалдан арашалап қалған.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, балаларды қараусыз қалдырмауды, тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуды, мас күйде суға түспеуді және белгіленген аумақтан алысқа жүзбеуді ескертті.