homepage
фото ашық дереккөзден

Абай облысында он күнде 8 адам жол апатынан қаза тапқан

11.07.2026, 10:48

Шілде айының алғашқы он күнінде Абай облысында болған жол-көлік оқиғаларынан сегіз адам көз жұмды. Осыған байланысты өңірде жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

11-16 шілде аралығында Абай облысында, еліміздің барлық өңіріндегі сияқты, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.

Полицияның мәліметінше, рейдтің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау және адам шығынына әкелетін апаттардың санын азайту.

“10 күнде қаза тапқан 8 адам — жай ғана статистика емес. Бұл енді қайтып келмейтін сегіз адам өмірі”, – деп атап өтті ПД өкілдері.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары мас күйінде көлік жүргізу, белгіленген жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе жалған нөмірмен көлік басқару деректеріне ерекше назар аударады.

Сонымен қатар жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен қолайсыз ауа райы кезінде жол қозғалысы талаптарының сақталуы да күшейтілген бақылауда болады.

Полиция жол апатынан қаза тапқан сегіз адамның әрқайсысы – орны толмас қайғы екенін атап өтіп, жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырды.

Тәртіп сақшылары көлік тізгініне тек сергек күйде отыруды, жылдамдық режимін сақтауды, қауіпті маневрлерден бас тартуды және қауіпсіздік белдігін тағуды еске салды.

«Жол бейқамдықты кешірмейді. Бір ғана қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – деп ескертті полиция.