homepage
Juzmedia.kz

Ақмола облысында төрт туысын өлтірген тұрғынға сот үкімі шықты

10.07.2026, 17:54

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрт адамның өліміне әкелген қылмыс бойынша айыпталған Аршалы ауданының тұрғынына қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында ер адам анасының үйінде жиенімен ұялы телефонға байланысты жанжалдасқан. Жиені полиция шақырғанымен, жанжал басылған соң анасы тәртіп сақшыларынан ұлына шара қолданбауды сұраған.

Алайда полицейлер кеткеннен кейін ер адам ашуға бой алдырып, ас үйдегі балта-пышақпен үйдегі адамдарға шабуыл жасаған. Соның салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі егде жастағы адам оқиға орнында көз жұмған.

Сотта анықталғандай, күдікті бұрын да сотталған және 2022 жылы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем алған. 2023 жылдан бері оған «параноидты шизофрения» диагнозы қойылып, психиатрдың есебінде тұрған. Қазір ол Алматы облысы Талғар ауданындағы қарқынды бақылауы бар республикалық психиатриялық ауруханада ем қабылдап жатыр.

Сот-психиатриялық сараптама оның қылмыс жасаған кезде созылмалы психикалық дертке шалдыққанын, өз әрекетінің мәнін түсінуге және оған жауап беруге қабілетсіз болғанын анықтаған.

Осыған байланысты сот ер адамды қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.