homepage
Depositphotos.com

Баламен ұшаққа отырарда нені білу керек

10.07.2026, 17:25

Баламен әуе сапарына шықпас бұрын бірнеше маңызды талапты ескерген жөн. Сарапшылар баланың жасы, билет рәсімдеу, бортқа тағам алып кіру және қауіпсіздік ережелеріне алдын ала назар аударуға кеңес береді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Баланы жалғыз ұшаққа қашан жіберуге болады?

6 жасқа дейінгі балалар тек кәмелетке толған адамның еріп жүруімен ғана ұша алады. Ал 6-16 жас аралығындағы балалар әуекомпанияның арнайы алып жүру қызметі арқылы өз бетінше сапарлай алады. Мұндай қызметті ұшуға кемінде бес күн қалғанда рәсімдеу қажет.

Егер ата-ана мен баланың тегі әртүрлі болса, туу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүргені дұрыс.

Балаларға билет пен тағамға қатысты қандай ережелер бар?

Екі жасқа дейінгі бала жеке орын алмай, ересек адамның қолында отырса, ішкі және халықаралық рейстерде тегін ұшады. Жеке орын қажет болған жағдайда билет құнының 50 пайызы төленеді.

Сондай-ақ балалар тағамына сұйықтыққа қойылатын шектеулер қолданылмайды. Ұшаққа балаға қажетті мөлшерде су, сүт қоспасы, пюре және өзге де тағамдарды алып өтуге рұқсат етіледі.

Қауіпсіздік пен жайлылыққа мән беріңіз

Егер балаға жеке орын рәсімделсе, әуе тасымалына сертификатталған автокреслоны пайдалануға болады. Ал сапар кезінде баланың уақытын тиімді өткізу үшін кітап, ойыншық немесе планшет алып шыққан жөн.

Мамандар баланы қабаттап киіндіруге, қол жүгіне қосымша киім салуға және әуежайға ертерек келуге кеңес береді. Ұшақ көтерілуі мен қонуы кезінде құлақтағы қысымды азайту үшін сәбиге емізік немесе сүт беру, ал ересектеу балаларға сағыз шайнату немесе су ішкізу пайдалы.

Теги: