Қазақ жеріне алғаш орыстардың келу тарихы бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл негізінен қазақ-орыс қарым-қатынастарының дамуымен, сондай-ақ Ресей империясының басқыншылық саясатының кеңеюіне байланысты.
JUZmedia-ның Балбал тас айдарында Қазақ хандығының Ресеймен алғашқы қарым-қатынасы қалай өрбігенін және тарихи, саяси, әлеуметтік тұрғыда қандай зардап әкелгені жөнінде ой қозғаймыз.
АЛҒАШҚЫ БАЙЛАНЫСТАР (XVI-XVII ҒАСЫРЛАР)
Қазақ хандығы мен Ресей арасында алғашқы дипломатиялық байланыстар XVI ғасырда орнады. Қазақтар бұл кезеңде Мәскеумен сауда-саттық және одақтық қатынастарды дамытуға ұмтылды. Әсіресе, жоңғар шапқыншылығынан қорғану үшін сыртқы көмек қажет болды.
Бұл кезеңде Қазақ хандығы мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар жаңа басталып, негізінен дипломатиялық және сауда байланыстары арқылы жүзеге асты. Орталық Азиядағы саяси оқиғалар, көрші мемлекеттердің ықпалы, және стратегиялық мүдделер бұл байланыстардың негізі болды.
Мәселен, Қасым хан (1511-1523) Қазақ хандығының күш-қуатын арттырып, хандықтың жер аумағын кеңейтті. Оның билік құрған дәуірінде Қазақ хандығы Орталық Азиядағы ірі саяси күшке айналды, бұл көрші мемлекеттердің, соның ішінде Ресейдің де назарын аудартты.
Одан кейінгі Тәуекел хан (1582-1598) тұсында Қазақ хандығы Мәскеумен дипломатиялық байланыс орната бастады. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге елші Құл-Мұхаммедті жіберді. Елшіліктің мақсаты – Мәскеуден әскери көмек сұрау және екі жақты ынтымақтастық орнату болды. Бұл дипломатиялық қадам Мәскеу мен Қазақ хандығы арасындағы алғашқы ресми байланыстардың бірі болды.
Ал Есім хан (1598-1628) – Ресеймен байланыстарды одан әрі дамытуға тырысқан тұлға. Оның заманында Қазақ хандығы жоңғарлар мен Бұқар хандығымен күресте Мәскеумен сауда және дипломатиялық қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысты.
Одан бөлек қазақ даласы Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі болғандықтан, Мәскеу сауда қатынастарын дамытуға ерекше мүдделі еді. Осылайша Қазақ хандығы арқылы Ресейдің Орталық Азия елдерімен сауда байланыстары күшейе түсті.
Ал 1582 жылы Ермак бастаған орыс казактарының жорығынан соң Сібір хандығының құлауы Ресейдің Орталық Азияға ауыз салуына жол ашты. Әсіресе Қазақ хандығымен шектескен аймақтарға да әсер етті.
САЯСИ МАҢЫЗЫ
Бұл кезеңде Қазақ хандығы Мәскеумен достық байланыс орнатып, екіжақты мүдделерге негізделген қарым-қатынас жасауға тырысты. Ресей үшін қазақ даласы Орталық Азияға апаратын жол ретінде маңызды болса, қазақтар жоңғар шапқыншылығына қарсы одақтас іздеді.
XVIII ғасырдың басында, жоңғар шапқыншылығы күшейген кезде, қазақтың кейбір хандары Ресейдің қолдауына жүгінуді жөн көрді. 1731 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресей империясының қоластына кіруге ант берді. Бұл процесс кейін Орта жүз бен Ұлы жүзге де таралды, бірақ әр жүздің Ресейге қосылуы түрлі кезеңде жүрді.
Отарлау саясатын бірте-бірте күшейте бастаған Ресей империясы қазақ даласына біртіндеп әскери бекіністер мен қалалар сала бастады. XVIII-XIX ғасырларда Омбы, Семей, Орал, Ақмола сияқты бекіністер тұрғызылды. Бұл бекіністер қазақ жерін біртіндеп бақылауға алып, отарлаудың негізгі құралдарына айналды.
Отарлаушы империя көшпенді халықты жабайылар деп білді.
Ресми құжатта: «Біздің Орта Азия жерлерін алуымыз әсте де оп-оңай басып алу мен атышулы жеңістерге деген бір ғана қарбалас құлшыныспен жасалған. Біз Шығысқа өркениеттің болмай қоймайтын табиғи заңымен беттеп барамыз: білімді халық жабайылармен ешқашанда қатар өмір сүре алмаған және алғашқылары қолында күш-қуаты барын сезінсе, соңғыларына олардың арасында мемлекет пен қоғам туралы жалпы адамзаттық ұғымдарды сіңіру үшін жол салушылар жіберіп отырған. Біздің даңқты әскерлерімізді Орта Азиядағы осындай жол салушылар деп санау керек екені даусыз» [ Военный сборник, 1852, № 9, 150-6] деп баяндалды.
БАСТЫ ҚАТЕЛІК
Қазақ хандығының Ресеймен алғашқы байланыстары мен қарым-қатынастары ұзақ мерзімді тұрғыда ауыр зардаптарға әкеліп соқты. Бұл қадам кейбір кезде қажеттілік пен саяси амалдан туындаса да, оның салдары қазақ халқы үшін күрделі мәселелер тудырды.
Тәуелсіздіктің әлсіреуі: Қазақ билеушілері Ресеймен байланыс орнату арқылы сыртқы күштерге қарсы одақтас табуды көздеді. Бірақ Ресейдің бұл әрекетті өз мүддесіне пайдаланып, қазақ жеріне біртіндеп ықпалын күшейтуге ұмтылғанын дұрыс бағалай алмады.
Ал Әбілқайыр хан (Кіші жүз) Ресейдің бодандығын қабылдағанда, жоңғарларға қарсы көмек алуды басты мақсат еткені айтылады. Десе де оның бұл шешімі Ресейдің қазақ жеріне біртіндеп енуіне тікелей жол ашты.
Бөлшектену және ішкі алауыздық: Қазақ жүздерінің (Кіші, Орта, Ұлы жүз) бөлек-бөлек әрекет етуі саяси әлсіздікке алып келді. Әр жүздің хандары Ресейге әртүрлі уақытта бодандыққа өтуді қабылдады, бұл қазақ халқының біртұтас саяси күш ретінде әрекет ету мүмкіндігін төмендеткені белгілі.
Ресеймен келісім жасасқанда, қазақтар Ресей саясатының ұзақмерзімді жоспарларын толық түсінбеді. Қазақ даласының геосаяси маңызы Ресей үшін үлкен артықшылық болды, ал қазақ хандары өз тәуелсіздігін қорғау жолында келісімдердің салдарын дұрыс болжай алмады.
Қазақ хандығы Ресеймен қарым-қатынасты бастау арқылы сыртқы жаулардан қорғануды көздесе де, бұл стратегиялық қадам ұзақ мерзімді тұрғыда үлкен қателікке айналды. 100 жылдан астам уақытқа созылған ұлт-азатық күресте Ресейдің отарлау саясаты қазақ халқының тәуелсіздігін жойып, оның мәдениеті, жері және басқару жүйесіне бөлшектеді.
Бұл оқиғалар қазақ халқының ұлт ретіндегі келешегі мен ұлттық санасына ұзақ уақыт бойы теріс әсер еткені тарихтан белгілі.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.