homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Енді Қазақстанда криптовалютамен QR-код арқылы төлем жасауға болады

10.07.2026, 18:26

Қазақстанда криптовалютамен QR-код арқылы төлем жасауға болатын бірыңғай ортақ жүйе жасалып жатыр. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

"Егер сізде криптоәмиян болса, біз оны интеграцияланған бірыңғай QR жүйесі арқылы пайдалануға мүмкіндік береміз", - деді ол брифингте.

Жаңа тетіктің арқасында криптоәмияны бар қазақстандықтар криптомен күнделікті сауда-саттық жасай алатын болады. Бұл құрал нарықтағы қазіргі бар инфрақұрылымға негізделіп іске қосылмақ.

Қазір бірнеше банк осы жобаға қосылу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың барлығы кейіннен ортақ платформаға біріктіріледі.

“Осы бағытта басқа да бірнеше банк қызу дайындық үстінде. Кейінірек олардың барлығы бірыңғай QR жүйесіне қосылады. Бұл жүйенің егжей-тегжейін келесі аптаның соңында арнайы таныстырамыз. Естеріңізде болса, біз 18 шілдеге дейін бірыңғай QR-кодты енгізуіміз керек. Бұл тек банктерге ғана емес, сонымен бірге төлем ұйымдары мен криптоәмияндарға да ортақ бірыңғай жүйе болмақ”,- деп түсіндірді  Сүлейменов.  

Еске салайық, наурызда осы жобаға қатысты президент Тоқаев сын айтқан. Заң жүзінде ірі қаржы ұйымдары ортақ QR-төлемдер мен аударымдар жүйесіне қосылуға міндетті болғанмен, әдейі кешіктіріп жатыр деген еді ол.  Кейінірек Ұлттық банк төрағасы мұны қаржы ұйымдарындағы технологиялық хаттамалар мен қосылу алгоритмдерінің әртүрлі болуына байланысты деп түсіндірді.