Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) туралы отандық БАҚ жиі жазатын, бұл тақырып жиі талқыға түсетін. Шенеуніктер оны “Орталық Азияның басты қаржы хабы болады” деп сендірсе, кейбір сарапшылар “қайтарымы белгісіз, мемлекет қаржысын жұтып жатқан жоба” деп сынаған. Сонымен, бүгінгі нәтиже қай тараптың сөзін растады? Үміт ақталды ма, әлде...
Сынның да шыны болады. АХҚО мемлекеттік жоба болғандықтан ел қоржынынан оған миллиардтаған қаражат құйылды. Мәселен, 2019 жылы АХҚО қызметін қаржыландыруға республикалық бюджеттен шамамен 20 млрд теңге бөлінген. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына орталықты кезең-кезеңімен өзін-өзі қаржыландыру тетігіне көшіруді міндеттеді. Нәтижесінде, бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын қысқара түскен. Дегенмен АХҚО соты, халықаралық арбитраж орталығы және басқа институттардың қызметін мемлекет әлі де қаржыландыруға мәжбүр болып отыр.
Ресми деректерге қарағанда, АХҚО құрылғаннан 2024 жылдың соңына дейін мемлекет қазынасына шамамен 115 млрд теңге салық аударған. Сәйкесінше, осы аралықта орталықтың жұмысын қамтамасыз етуге бюджеттен 107 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Яғни, арадағы айырма аса үлкен емес. Сондықтан бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан басты сұрақтың өзектілігі жойылған жоқ: мемлекет миллиардтаған қаржы құйған жоба шынымен өзін ақтай алды ма?
Соңғы статистика бұл пікірталастың бағытын өзгерте бастағандай. Биылғы алғашқы алты айда АХҚО арқылы Қазақстанға 3,6 млрд доллар инвестиция тартылыпты. Astana International Exchange (AIX) биржасындағы сауда көлемі 1,084 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Бұл АХҚО-ның тек бюджет есебінен өмір сүретін құрылым емес, нақты капитал тартатын қаржы алаңына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай өсім кездейсоқ емес. Оның артында соңғы айларда жасалған ірі қаржылық мәмілелер тұр. Ең маңыздысы – Қазақстан алғаш рет Қытайдың ішкі капитал нарығына шықты. Биыл сәуірде «Самұрық-Қазына» Орталық Азия тарихындағы тұңғыш Panda Bond облигацияларын 3 млрд юань көлемінде 2,18% мөлшерлемемен орналастырды. Арада бір ай өткенде Қазақстан Үкіметі де 3,4 млрд юаньдық панда-облигацияларын рекордтық 1,9% мөлшерлемемен шығарып, инвесторлар сұранысын ұсыныстан екі еседен астам арттырды.
Осы кезеңде AIX алаңы арқылы Kaspi.kz – 600 млн долларлық, «Қазақстан темір жолы» – 1 млрд долларлық, QazaqGaz – 700 млн долларлық және Bank RBK – 300 млн долларлық халықаралық облигацияларын орналастырды. Ал, «Алтыналмас» алғаш рет тікелей листинг рәсімі арқылы акцияларын биржа тізіміне енгізді. Бірнеше жыл бұрын АХҚО көбіне компанияларды тіркейтін арнайы юрисдикция ретінде қабылданса, бүгінде ол миллиардтаған долларлық мәмілелер жасалатын әрі халықаралық капитал тартатын өңірлік қаржы алаңына айналып келеді. Дегенмен, бұл жоба өзін толық ақтады деген кесімді қорытынды жасауға әлі ерте. Өйткені, кез келген қаржы орталығының шынайы құны бір реттік рекордтармен емес, ұзақ жылдар бойы тұрақты инвестиция тартып, өңірлік қаржы хабы ретіндегі орнын сақтай алуымен өлшенеді. Сондықтан, АХҚО-ның түпкі бағасын бүгінгі статистика емес, уақыт көрсетеді.
Дәл осы кезеңде АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Мемлекет басшысына орталықтың қызметі туралы есеп беріп, бірқатар жаңа көрсеткішті жариялады. Оның айтуынша, бүгінде АХҚО алаңында әлемнің 85 елінен 5 400-ден астам компания тіркелген. Соның ішінде 1 800-ден астамы тек 2025 жылдан бері қосылған жаңа қатысушылар. Орталық құрылғаннан бері АХҚО арқылы тартылған инвестиция көлемі 21,5 млрд долларға, ал басқарудағы активтер 5,4 млрд долларға жеткен. Ең маңызды өзгерістердің бірі – бюджетке түсетін қайтарымның айтарлықтай өсуі. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша АХҚО қатысушылары мемлекет қазынасына жалпы 284,3 млрд теңге салық аударған. Оның 135,9 млрд теңгесі бір ғана 2025 жылдың үлесіне тиесілі. Бұл тек тіркелген компаниялар санының артқанын емес, олардың экономикалық белсенділігі күшейіп, АХҚО алаңы арқылы нақты бизнес жүргізе бастағанын көрсетеді.
Алайда, бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Аймақта жаңа қарсылас пайда болды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент халықаралық қаржы орталығын құру туралы жарлыққа қол қойды. Жоба бастапқы кезеңде 20 млн доллар көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болады. Ең бастысы – жаңа орталықтың моделі Қазақстан тәжірибесіне өте ұқсас. Онда да ағылшын құқығына негізделген арнайы юрисдикция, тәуелсіз реттеуші, халықаралық арбитраж және ерекше құқықтық режим енгізіледі. Басқаша айтқанда, бірнеше жыл бұрын Қазақстан салған жолмен енді Өзбекстан да жүріп келеді. Бұған дейін инвестор үшін өңірдегі негізгі таңдау Астана болса, енді Ташкент те сол капитал үшін таласқа қосылды. Осылайша, Орталық Азияда жаңа бәсеке басталды. Енді мемлекеттер салықтық жеңілдіктермен емес, құқықтық тұрақтылықпен, қаржы құралдарының сапасымен, цифрлық инфрақұрылымымен және ең бастысы – инвестордың сенімі үшін жарысады.
Орталық Азиядағы бәсеке тек қаржы орталықтарымен шектелмейді. Аймақта төлем инфрақұрылымы да түбегейлі өзгеріп жатыр. Қазақстан бүгінде қолма-қол ақшасыз төлем үлесі бойынша өңірдегі ең цифрланған экономикалардың бірі саналады. Kaspi.kz, Halyk Bank және басқа да финтех экожүйелері төлем қызметтерінен бастап мемлекеттік сервистерге дейінгі көптеген қызметті бір платформаға біріктірді. Ендігі міндет – осы тәжірибені өңірлік деңгейге шығару.
Осы мақсатта Ұлттық банк жедел төлем жүйесін көрші елдермен ықпалдастыруды және цифрлық теңгені кезең-кезеңімен енгізуді қолға алды. Егер бұл жобалар толық жүзеге асса, Қазақстан тек қаржы орталығы ғана емес, Орталық Азиядағы негізгі төлем хабына да айналуы мүмкін. Алайда бұл бағытта да бәсеке күшейіп келеді. Өзбекстанның халық саны көп, ішкі нарығы кең, ал цифрлық банкинг қарқынды дамып жатыр. Бұл факторлар Ташкенттің өңірлік қаржы нарығындағы позициясын күшейте түседі.
Сондықтан ендігі жарыс салықтық жеңілдіктер үшін емес. Инвестор үшін құқықтық тұрақтылық, болжамды реттеу, заманауи қаржы құралдары, цифрлық шешімдер және капиталдың еркін қозғалысы әлдеқайда маңызды. Қазақстан осы артықшылықтарын сақтай алса, Ташкенттің күшеюі қауіп емес, өңірлік нарықты кеңейтетін факторға айналады. Ал керісінше жағдайда жаңа ойыншылар капитал ағындарының бір бөлігін өзіне бұрып әкетуі әбден мүмкін.
Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азиядағы қаржы үшін жаңа кезең басталды. Бұл бәсекеде алғашқы болып жолға шыққан емес, өзгеріске ең жылдам бейімделген ел жеңіске жетеді. Қазақстанның әзірге артықшылығы бар. Бірақ, оны сақтап қалу үшін АХҚО өткен жетістіктерге сүйеніп қана қоймай, келесі кезеңнің талаптарына жауап беретін жаңа даму моделін ұсынуы тиіс.
Ұлағат Бекболат