Испанияның Альмерия провинциясында болған ірі орман өртінен қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. 23 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Андалусияның төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, өрт Лос-Гальярдос муниципалитетінде тұтанып, қысқа уақыт ішінде кең аумаққа таралған.
Құтқарушылар мәліметінше, қаза тапқандардың бірқатары жалын шарпыған автокөліктердің ішінен табылған. Тағы кемінде алты адам түрлі жарақат алған.
Табиғи апат салдарынан шамамен 3 150 гектар орман алқабы өртеніп кетті. Өртті ауыздықтауға 460-тан астам маман, жүзден аса арнайы техника, өрт сөндіру көліктері мен су тасымалдайтын автоцистерналар жұмылдырылған.
Қауіпсіздік мақсатында бірқатар автожол жабылып, 1 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды. Өрттің нақты шығу себебі әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда куәгерлер жалынның электр желісінің үзілуінен тұтануы мүмкін екенін айтуда.
Соңғы жылдары Испания орман өртінен ең көп зардап шегетін Еуропа елдерінің біріне айналды. Мамандар мұны аптап ыстық, ұзаққа созылған құрғақшылық және қатты желдің әсерімен байланыстырады. Ел билігі тұрғындарды қауіпті аймақтарға бармауға және құтқару қызметтерінің талаптарын қатаң сақтауға шақырды.