Ақтөбе гарнизонының әскери соты мерзімді әскери қызметшіні соққыға жыққан сержантқа қатысты үкім шығарды. Ол билігін асыра пайдаланып, сарбаздың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот мәліметінше, айыпталушы мерзімді әскери қызметшілерге жауапты бола тұра, олардың біріне дене жарақатын салған. Сараптама қорытындысы бойынша, зардап шеккен сарбаздың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген.
Сот барысында сержант кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған. Алайда сот-медициналық сараптамасының қорытындысы, жәбірленуші мен куәлардың айғақтары және өзге де дәлелдер оның кінәсін толық растаған.
Сот үкімімен әскери қызметші бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 700 мың теңге моральдық өтемақы және 900 мың теңге сот шығындарын төлеуге міндеттелді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.