13 шілдеден бастап талапкерлер eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік білім беру гранты конкурсына онлайн өтінім бере алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өтінім қабылдау 13 шілде сағат 09:00-де басталып, 20 шілде сағат 18:00-де аяқталады.
Биыл қызмет жаңартылып, жүйе талапкердің мемлекеттік грантты конкурстан тыс алған-алмағанын автоматты түрде тексереді. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі.
Егер талапкерге грант бұған дейін конкурстан тыс тәртіппен тағайындалған болса, жүйе бұл туралы бірден хабарлап, қайта өтінім берудің қажеті жоқ екенін көрсетеді.
Ал қалған талапкерлер құжаттарын бұрынғы тәртіппен онлайн тапсыра алады. Жеңілдік санатына жататын азаматтардың мәртебесі де автоматты түрде расталады.
Өтінім бергеннен кейін талапкер eGov порталындағы жеке кабинетінде конкурсқа қатысқаны туралы электрондық анықтама алады.
Конкурс қорытындысы бойынша білім гранты тағайындалған талапкерлерге 10 тамыздан кешіктірілмей электрондық сертификат жолданады. Ал грант иегері атанбаған жағдайда жеке кабинетке тиісті хабарлама келеді.