homepage
Juzmedia.kz

Қазақстандықтар БЖЗҚ-дан бір айда 84,7 млрд теңге шешіп алған

10.07.2026, 14:26

Маусым айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша 84,7 млрд теңгенің өтінішін орындады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тұрғын үйге қаржы алу көлемі артқан

Бірінші кредиттік бюроның сарапшыларының БЖЗҚ деректерінен келтірген мәліметіне сүйенсек, бұл – биылғы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Маусымнан көп қаражат тек мамыр айында аударылған, ол кезде бұл көрсеткіш 117,8 млрд теңгені құраған.

Ал мамыр-маусым айларында тұрғын үй мақсатында жалпы 202,5 млрд теңге аударылып, бұл бірінші жартыжылдықтағы барлық төлемдердің (407,5 млрд теңге) шамамен жартысына тең болды.

Мамандар мұны 6 маусымнан бастап зейнетақы жинағын пайдалану үшін белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шектерінің айтарлықтай ұлғаюымен байланыстырады. Жаңа талап күшіне енгенге дейін көптеген салымшылар өтініш беріп үлгерген болуы мүмкін.

Қаражат көбіне баспана сатып алуға жұмсалған

Маусым айында аударылған қаражаттың 40,4 млрд теңгесі «Отбасы банкіндегі» депозиттерді толықтыруға, 25,1 млрд теңгесі тұрғын үй сатып алуға бағытталған. Ал 13,8 млрд теңге ипотекалық несиені ішінара өтеуге жұмсалды.

Сарапшылардың айтуынша, БЖЗҚ өтінішті орындаған кезде қаражатты екінші деңгейлі банкке аударады. Алайда бұл ақшаның толық пайдаланылғанын білдірмейді.

Дегенмен тұрғын үйге арналған қаражаттың қорға қайта қайтарылуы сирек кездеседі.

Сонымен қатар шілде айынан бастап БЖЗҚ статистиканы жариялау тәртібін өзгертті.

Енді қор тек ағымдағы жылдың басынан бергі мәліметтерді жариялайды және орындалған өтініштердің санын көрсетпейді. Сондықтан маусым айында нақты қанша өтініш орындалғанын анықтау мүмкін емес.