Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Қарин «Әділет» партиясының қатарына қабылданып, ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Бұл туралы партияның кезектен тыс III съезінде белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Съезде партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттарының тізімі бекітілді. Тізімді партия төрағасы Айбек Дәдебай, бұрынғы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бастап тұр.
Кандидаттар қатарында Парламент депутаттары Асхат Аймағамбетов, Мұрат Әбенов, Снежанна Имашева, Ольга Перепечина, Сергей Пономарев, Максим Рожин, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Үнзила Шапақ және Никита Шаталов бар. Сондай-ақ, тізімге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Бишімбаев ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, саясаттанушы Марат Шибұтов, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрайымы Наталья Годунова және әлеуметтік кәсіпкер Емин Әскеров енгізілді. Арасында журналистер Әділ Балтабаев, Армангүл Тоқматұрат пен Ирина Тен де бар.
Бұдан бөлек, съезд шешімімен жұмыс істейтін партия мүшелері үшін ай сайынғы мүшелік жарна 0,1 АЕК, ал студенттер үшін 0,01 АЕК көлемінде белгіленді. Зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, бала күтімі бойынша демалыста жүрген ата-аналар және мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері бұл төлемнен босатылды.
Съезд қорытындысында делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ресми түрде бекітті.